Бұл — республика бойынша жоспарланған 4 аймақтық форумның екіншісі.
Ауыл әйелдерінің басын қосқан шара Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Coca-Cola халықаралық қорының, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту Коалициясының қолдауымен өтті.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина 5 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараның нәтижесінде қоғамда әйелдерді қолдауға арналған жаңа тетіктер пайда болғанын айтты.
Жиынға қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысушыларды форумның 5 жылдығымен құттықтап, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан сәттілік тіледі.
— Осы форум арқылы біз қиындыққа қайсарлықпен қарсы тұрып, биік белестерді бағындыра білетін қаншама ауыл әйелдерін танып-білдік, сол үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін.
Табысты даму, ілгерілеу және жаһандану үрдісінде ұлттық менталитетімізді сақтап қалу сияқты жауапты іске Қазақстан әйелдерінің қосқан үлесі зор. Әсіресе, бизнестегі жаңашыл да еңбекқор қыз-келіншектердің өңірдің экономикасын дамытуда көш бастап келе жатқаны қуантады. Облыста 79,9 мың шағын және орта бизнес субъектісі болса, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі – 43 пайыз. Соңғы жылдары әйелдердің сауда, қоғамдық тамақтану, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылуының өсу үрдісі байқалады, — деген Бұлбұл Елеусінова мемлекеттік қолдауға ие болып, ауылдық жерде кәсібін бастаған қыз-келіншектердің көпке үлгі екендігін айтып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кәсіпкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Форум барысында Шалқар ауданынан келген жеке кәсіпкер Гүлжан Сәкенова да сөз сөйлеп, 25 жылдан бері еңбек етіп жүрген бизнес саласының қыр-сырымен бөлісті.
— Тоқсаныншы жылдардың басында жаппай жұмыстан қысқарту болған кезде күйеуім екеуміз бір күнде жұмыссыз қалғанбыз. Өте қиын кезеңнен өттік, бірақ мойымадық. Ерінбей еңбек еткеннің арқасында бүгінгідей нәтижеге қол жеткіздік, — деген кәсіпкер жастарға жетістікке жетудің бірден-бір жолы еңбек ету екенін айтты.
Форум барысында жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов «Соса – Cola белестері» атты әлеуметтік жоба мен «Жеке қосалқы шаруашылықтар» онлайн мектептері туралы айтып берді.
— Он жылдан бері ауыл әйелдерімен тығыз жұмыс жүргізіп, олардың қажеттіліктерін білгеннен кейін бизнестің сұранысы басым 17 бағыты бойынша бейнесабақтар әзірлеп, farmerschool.kz тегін оқыту порталын құрған болатынбыз. 2020 жылдың басынан бері бұл порталда 5 500 – ден аса ауыл әйелі кәсіби біліктілігін арттырды. Былтыр farmerschool.kz порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің skills.enbek.kz платформасына интеграцияланды. Биыл «Coca-Сola белестері» байқауы аясында 20 ауыл әйеліне өз ісін ашуға грант беріледі. Ауыл әйелдерімен жүйелі жұмыс өз жалғасын табады,— деді өз баяндамасында Асхат Сүлейменов.
Айта кетейік, биылғы V республикалық ауыл әйелдерінің форумы қараша айында өтеді.
Деректер көзі: aqtobegazeti.kz