Елде жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы "Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту" коалициясының бас менеджері Асыл Оқапова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Асыл Оқапова жобаның басты мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қабылдаған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу екенін атап өтті.
"Жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында "3.2.1. Старт" жобасын жүзеге асыруды бастадық. Конкурсқа 5 тұрақты даму мақсаты бойынша: сапалы білім, таза су мен санитария, арзан және таза энергия, жауапты тұтыныс пен өндіріс, климаттың өзгеруімен күрес сынды тақырыпқа жобалар қабылданады. Әлеуметтік жоба қатысамын деушілер 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін "3.2.1. Старт" сайтына кіріп, өтінім бере алады", – деді бас менеджер.
Ол бүгінде байқауға 120 өтінім түскенін атап өтті.
"Алдымен қатысушылар бізге идеясын ұсынады. Ақпанда өтінімдерді іріктеп, олармен кері байланыс орнатамыз. Осылайша, келесі кезеңге өтеміз, яғни жобаның бюджеті мен мақсатын анықтаймыз. Наурызда сарапшылар short list дайындап, жартылай финалға өткен жобалардың тізімін жасайды. Кейін олар жеделдетілген оқыту курстарында білімін шыңдайды", – деді Асыл Оқапова.
Оның айтуынша, өткен жылы байқауға 150 өтінім түскен, финалға 20 жоба өткен.
"Нәтижесінде, 4 жеңімпаз анықталды. Конкурстың жалпы жүлдеқоры 5 млн теңге болды", – деді бас менеджер.
Деректер көзі: inbusiness.kz